Ресейдің Астрахань облысындағы «Қараөзек» өткізу пунктінің аумағында орналасқан, ашық әрі қоршалмаған су резервуарына құлап кеткен төрт жасар атыраулық Аслан есімді бала қайтыс болып, оның анасы Севинч Исмаилова арада бір ай өтсе де кінәлілердің жазалануын талап етеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға мамырдың 22-сі күні кешке орын алған. Өткізу пункті маңында жүрген ата-анасы бір сәтте ұлдарының жоғалып кеткенін байқап, бірден іздеуге кіріскен. Бастапқыда олар баланы тығылып қалды деп ойласа, кейіннен оны маңайдан өтіп бара жатқан көліктердің бірі алып кетуі мүмкін деп қауіптенген. Баланың әкесі мен ағасы бұл туралы хабарлауға кеткенде, анасы Севинч Исмаилова жақын маңдағы қызметтерден көмек сұрауға тырысқан. Алайда, оның полиция шақыру туралы өтінішіне орындардағы мамандар бұны өз бетінше жасауға кеңес берген. Осыдан кейін әйел алдымен Қазақстанның, содан соң Ресейдің шұғыл қызметтеріне қоңырау шалып, ұлының жоғалғанын хабарлаған.
Көп ұзамай Севинч әскери киімдегі ер адамнан көмек сұрап, онымен бірге аумақты тексере бастаған кезде, беті тек автокөлік дөңгелектерімен ғана жабылған бірнеше ашық люкті көрген. Осындай резервуарлардың бірін қарау кезінде анасы су ішінен ұлының киімін байқап қалған. Құдықтың түбінде жатқан баланы туыстары өздігінен судан шығарып, дәрігерлер келгенге дейін оған жансақтау шараларын жасап, аман алып қалуға барын салған.
Осы оқиғаға байланысты баланың анасы Севинч Исмаилова өз естелігімен бөлісті:
«Соңғы секундқа дейін біз оны аман алып қаламыз деп үміттендік».
Алайда, полиция мен жедел жәрдем оқиға орнына бірден келе қоймағандықтан, ата-анасы баланы жедел жәрдем көлігіне қарай қарсы алып жүріп, содан кейін ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің жасаған барлық әрекеттеріне қарамастан, төрт жасар Асланды құтқару мүмкін болмады.
Қайғылы жағдайдан кейін тергеу органдарына жүгінген анасына бұған дейін бұл жерде автожанармай құю станциясы (АЖҚС) болғаны, ал суы бар резервуар өртке қарсы қажеттіліктер үшін пайдаланылғаны хабарланған. Нысан жабылғаннан кейін де іші суға толы сыйымдылық тиісті түрде қоршалмай, қауіпті күйде қала берген. Севинч Исмаилованың айтуынша, қайғылы оқиғаның келесі күні де резервуар іс жүзінде еш өзгеріссіз — толыққанды қақпақсыз, қоршаусыз және ескерту белгілерінсіз тұрған. Тек арада бір ай өткеннен кейін ғана нысанның айналасына ағаш қоршау орнатылған.
Осы ретте баланың анасы жауапты тұлғалардың әлі күнге дейін анықталмағанына наразылық білдірді:
«Міне, бір ай өтті, бірақ менде әлі күнге дейін ешқандай жауап жоқ. Неліктен бұл резервуар ашық болды? Неліктен оның қауіпсіздігін ешкім қадағаламады?».
Қаза тапқан баланың анасы бұл қасіреттің алдын алуға толық мүмкіндік болғанын айтып, кінәлілерді анықтап, оларды заң алдында жауапкершілікке тартуды сұрайды.