Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қатаң бақылауда болуы тиіс" - Берік Уәлидің әкім ретіндегі жұмысы неден басталды?

15:16, 26 ақпан 2025 817

Абай облысының су жаңа әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңге байланысты жиын өткізді, деп жазады Alash.KZ.

Жиынға прокуратура, полиция департаменті, Білім басқармасы басшылары және бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысты.

Қазіргі таңда оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен жанжалға қатысқан төрт оқушыны арнайы мектепке жіберу ұсынылды.

Сонымен қатар, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін олардың ата-аналарын ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берілді. Әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша оқушылардың заңды өкілдері жауапқа тартылды. Жәбірленушіге облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары көмек көрсетіп жатыр.

Абай облысының Білім басқармасы жанынан арнайы мониторингтік топ құрылды. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша мектеп басшылығының тәрбие және бақылау жұмысындағы жауапкершілігі қаралады.

Облыс әкімі жиын барысында мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін алдын алу жұмысын күшейтуді тапсырды.

«Облыстағы барлық мектеп қатаң бақылауда болуы тиіс. Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірге оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Өңірдегі мектептердің қауіп-қатер картасы жасалып, осындай жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет етуге арналған нақты іс-шаралар алгоритмі дайын болуы керек», – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіп, жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп жазды 018.kz порталы. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар