Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты қоғамда дұрыс түсінік қалыптастырып, ортақ мақсатқа ұмтылуға септігін тигізеді" - Берік Қадыров

17:31, 03 қаңтар 2025 332

Былтырдан бері дәстүрге айналғандай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ana tili» газетіне кезекті сұхбатын берді. Бұл сұхбат мазмұнын шартты түрде үш негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншіден, мемлекет басшысы 2024 жылдың қорытындыларын жасап, еліміздің жеткен басты жетістіктерімен бөлісті. Екіншіден, алдағы уақытта атқарылуы қажет негізгі мәселелер мен бағыттарды айқындады. Үшіншіден, қоғамда резонанс тудырған оқиғалар мен әртүрлі пікірлерге қатысты өз ойын білдіріп, нақты ұстанымын айқындады.

Президентінің осындай форматтағы кездесулері  елімізді дамытуға қатысты шаралардың мән-маңызын барлық азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сұхбат барысында елімізде жүйелі экономикалық реформалар, саяси шешімдер мен инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы, нәтижелері талқылынды.

Маңызды бастамалар аймақтарда да өз нәтижесін көрсетуде. Әсіресе, Президент мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесінің тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Мысалы, Абай облысы бойынша айтсақ 2024 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 54 380-ге жетіп, оларда 103 952 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда, машина жасау саласы 16%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 4%-ға, бөлшек тауар айналымы 12%-ға, көтерме сауда 9%-ға өскен. Сонымен қатар, мемлекет басшысы жастардың экономикалық дамудағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың белсенді, білімді, тәртіпті және еңбекқор болуын қалайтынын жеткізді. Жастарды қолдау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқаны да айтылды.

Сұхбат барысында қозғалған тағы бір маңызды мәселе – цифрландыру. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингінде Қазақстан E-government көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орынға ие болғаны – айтарлықтай жетістік, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайтындығындығына тоқталды. Бұл бағытта елімізде үлкен жобалар іске асырылып жатқаны белгілі, соның ішінде Семей қаласында да «Ақылды» қалаларды дамытуға арналған Жол картасы аясында 27 жоба жоспарланған (17 базалық және 10 қосымша жоба), бірақ мемлекет басшысының меңзеп отырғаны тек сан емес, яғни цифрлық экожүйені қалыптастыруда сапаға, әсіресе мемлекеттік тілдегі контенттер мазмұнына басымдық беруді ескертті.

Мемлекет басшысының бұл сұхбаты алдағы уақытта жан-жақты талданып, атқарушы билік тарапынан нақты қорытындылар жасалып, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, қоғамда дұрыс түсінік қалыптасып, ортақ мақсатқа ұмтылуға септігін тигізеді.

Берік Қадыров

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Абай облысы бойынша өкілі, Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар