Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы екі елдің Президент әкімшіліктері арасындағы байланыстың тығыз болуы Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мен ынтымақтастықты нығайтудың кепілі екенін алға тартты. Сондай-ақ, тараптар сауда-саттық көлемін арттыру, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдету және заманауи цифрландыру үдерістерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның жасанды интеллект бағытындағы толайым табыстарын ерекше атап өтіп, қос мемлекет үшін де заман талабына сай жаңа технологияларды игерудің өзектілігіне тоқталды. Өз кезегінде Саида Мирзиёева ресми Ташкенттің Қазақстанды қашанда сенімді серіктес санайтынын және екіжақты қарым-қатынастың серпінді дамуын жоғары бағалайтынын білдірді. Сонымен қатар, тараптар қос мемлекетте жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар төңірегінде тереңнен пікір алмасты.
Мемлекет басшысымен жүздесу мүмкіндігіне ерекше алғысын білдірген Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёева ресми мәлімдеме жасады:
«Өзбекстан Президентінің шынайы сәлемін жеткізу – мен үшін үлкен мәртебе. Шавкат Миромонович Қазақстанмен көпжақты іс-қимылды тереңдетуге әрдайым ерекше маңыз береді. Ол жоғары деңгейдегі барлық уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азияның тұрақтылығы мен орнықты дамуы игілігі үшін бірлесе жұмыс істеуде және бұл өз жемісін беруде. Біз бірлесіп аймағымыздың үнін жаһандық аренада біртұтас әрі естілетіндей етіп жатырмыз. Біз Өзбекстанда бауырлас Қазақстанда бүгінде орын алып жатқан барлық өзгерістерді шын жүректен құптаймыз. Қазақстан – біздің сенімді одақтасымыз және біз бұны шаршамай айтып келеміз».