Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қарсы бағытқа шығып кеткен»: Алматыдағы жантүршігерлік жол апатынан қаза болғандардың жақындары әділдік талап етті (ВИДЕО)

15:17, 24 наурыз 2026

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында орын алған қайғылы жол-көлік оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Alash.kz. 

21 наурыз күні Әл-Фараби даңғылымен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған апат салдарынан үш жас азамат қаза тапты. Қазіргі уақытта марқұмдардың жақындары мен қала тұрғындары кінәлі тұлғаның жауапкершіліктен қашып кетпеуін және сот процесінің ашық өтуін талап етіп отыр.

Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, Zeekr маркалы автокөлігінің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан жолдың өз бетімен келе жатқан Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, Mercedes руліндегі 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Zeekr тізгіндеген 32 жастағы азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Бұл оқиға бойынша марқұм болған бойжеткеннің құрбысы әлеуметтік желіде үндеу жариялап, әділдік сұрады. Ол өз жазбасында былай деді:

«Құрбым Әл-Фараби көшесінде болған жол апатынан қаза болды. Бір адамның кесірінен қазір ол жер қойнында жатыр. Одан бөлек тағы екі адам көз жұмды. Олар кінәсіз. Біз ашық сотты талап етеміз».

Бейресми дереккөздердің хабарлауынша, Zeekr 9X көлігін көлік тасымалы саласында бизнеспен айналысатын кәсіпкер басқарған. Сондай-ақ оқиға куәгерлері апат алдында аталған көліктің басқа машиналармен жарысқанын алға тартуда. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар