Қазақ халқының сан ғасырлық салт-дәстүрін ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін айтулы мереке – «Қымызмұрындық – 2026» биыл 27 маусым күні Алматы облысының Кеген ауданындағы қасиетті Қарқара жайлауында кең көлемде аталып өтеді, деп жазады Alash.KZ

Дәстүрлі мереке биыл қазақтың көрнекті тарихи тұлғаларының бірі, ел бірлігі мен руханиятының символына айналған абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен қатар ұйымдастырылмақ.
Ұлттық рухты асқақтататын тағылымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан Республикасы және өзге де мемлекеттерден 35 мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде.
Қымызмұрындық – халқымыздың қонақжайлығы мен кеңпейілдігін, ынтымағы мен бірлігін айшықтайтын ерекше дәстүр. Ұлттық мәдениеттің мәйегіне айналған бұл мерекенің өңірдегі туризмді дамытуға, тарихи-мәдени мұраны насихаттауға қосар үлесі де зор.Қарқара жайлауында ұйымдастырылып отырған мереке бұған дейін төрт рет өткізілген.
Өткен жылы оған 8 мыңнан астам адам қатысып, 40 киіз үй тігілген еді. Сондай-ақ 250-ге жуық шағын және орта бизнес өкілдері өз өнімдерін көпшілікке ұсынған болатын. Ал биыл мерекенің ауқымы кеңейіп, 80-нен астам киіз үй тігіліп, келушілер саны бірнеше есеге артады деп жоспарланып отыр.
«Қымызмұрындық – 2026» аясында ұлттық дәстүрлер мен этномәдени құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қой көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Сонымен қатар «Топжарған» этно-өнер орталығының шоу-бағдарламасы, «Толағай» өнер орталығының театрландырылған қойылымдары, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концерті көпшілік назарына ұсынылады. Жастар үшін алтыбақан құрылып, арқан тартыс, қол күрес және түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылса, балаларға арналған арнайы аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер және сурет салу шеберлік сағаттары, шахмат пен тоғызқұмалақ сайыстары өткізіледі.
Қазіргі таңда Қарқара жайлауында мерекеге дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Ұйымдастырушылар бәйге алаңдарын ретке келтіріп, көрермендерге арналған орындарды әзірлеуде. Қонақтарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық ұйымдастыру шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.
Қазақы дәстүрдің көрінісіне айналған, ұлттық рух пен мәдениеттің мерейін өсіретін «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі барша жұртшылықты Қарқараның көркем төрінде қауыштыратын үлкен рухани думан болмақ.