Белгі вайнер Мейіржан Төребаев түзету мекемесінен қысқа мерзімді демалыс алып, отбасымен қауышты. Бұл туралы сотталушының жары Дана Есеева мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы Azattyq Ruhy порталына сілтеп.
Дана Есееваның сөзінше, Мейіржан Төребаевтың заң бойынша қысқа мерзімді демалысы бар. (113-бап мекемеден тыс жерлерге шығу). Вайнер сол мүмкіндігін пайдаланған.
«Балалардың бақыттан басы айналып жатыр. Кішілері соңғы кездесуден кейін бірақ тілдері шығып, әкелеріне көптеген сұрақтар қойып жатыр. Үлкендері саналы, әкелерінің жанында сабырлы болып отыр. Жақын арада оның Павлодарға қайта кететінін түсініп, барынша құшақтап жатыр. Онда Мейіржан күндіз Еңбек РМК-да жұмыс істейді, ал кешке мекемеге оралады. Ең бастысы, анамыздың жүрегі тынышталды. Аз уақытқа болса да, ұлы қасында», - деп бөлісті Дана Есеева.
Еске сала кетейік, белгілі Мейіржан Төребаев Қылмыстық кодекстің 217-бап бойынша кінәлі деп танылып, сот үкіміне сәйкес, ең төменгі қауіпсіздік колониясында бес жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2019 жылы бастапқыда Astex қаржылық пирамидасы құрылды.
«2020 жылдың қыркүйегінде аталған адамдар қаржы пирамидасын танымал ету мақсатында әлеуметтік желіде 1 миллионнан астам жазылушысы бар Мейіржан Төребаевқа сыйақы беруге уәде беріп, бірлескен қылмыстық іс-әрекет жасау үшін жүгінді. Төребаев ұсыныстың заңсыздығын түсініп, пирамида сәтсіз болған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алатынына сенімді болып, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіруге келісім беріп кірген. Ол салымшыларға ай сайын уәде етілген пайыз төлеу мүмкін емес екенін түсініп, заңсыз қаржы пирамидасы екенін біліп, жұмыстан кіріс табатынын ойлап, салымшылардың қаражатынан айырылатынын түсініп, өз жұмысын бастады», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Осылайша Мейіржан Төребаев компания құрамында жарнама жасау, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ Мейіржан Төребаев Mudarabah Capital құрылтайшысы қатарында болған. Шерниязов пен Төребаев қаржы пирамидасын құрды және ұйымдастырды деген айыппен келіспеді және кінәсін мойындамады.