Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаржаубайға қысым көрсеткен бе: Түрмеден хабар келді - АДВОКАТ

15:05, 23 желтоқсан 2024 392

Адвокат 15 тәулікке қамауға алынған Қаржаубай Нұрымовтың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап. 

“Біз бүгін Қаржаубайдың хал-жағдайын білу үшін Қонаев қаласына келдік. Уақытша ұстау изоляторына кіріп, жағдайын біліп, амандасып шықтық. Бәрі дұрыс. Енді мұндай жерде отырған адамның хал-жағдайын сұрау ыңғайсыз дүние. Бірақ дені сау, ешкім қысым көрсетпеген. Жылы жерде отыр және тамағы уақытылы беріліп жатыр. Бұйырса, 25-і түнде шығады”, — деді адвокат Асылбек Абдраимов.

Айта кетейік, бұған дейін Шерзат Болаттың бірнеше туысы қамауға алынған болатын. 

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат Салтанат Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ Бақыт Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен депортациялау туралы шешім шықты.

“Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды”, — делінген хабарламада.

Содан соң құқық қорғаушы Айтбек Амангелді марқұм Шерзаттың отбасын қорғап, әділдікке қол жеткізу үшін қатарлары тағы екі заңгермен толыққанын жеткізді.

“Құрметті достар, жақсы жаңалығымызды айта кетейік! Қылмыстық істердің санын ескере отырып, бүгіннен бастап Болаттар отбасын қорғау тобына Алматы қалалық адвокаттар алқасының екі тәжірибелі заңгері – Абдраимов Асылбек Ғабиденұлы мен Адаев Ерлан Амантайұлы қосылады”, — деп мәлімдеді ол.

Оның айтуынша, алдағы уақытта заңгерлер бірлесіп жұмыс атқарады. 

“Саида, Карина және Марал өз бағыттары бойынша жұмысын жалғастыра береді. Алайда істің ауқымы үлкен болғандықтан, Асылбек пен Ерлан команданы күшейтіп, қыздармен бірге әділдікке қол жеткізу үшін жұмыс істейтін болады”, — деп қосты ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар