Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қарақыстақтағы қанды оқиға: Алматы облысында атыстан екі адам оққа ұшты (ВИДЕО)

20:34, 11 шілде 2026

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылында тұрғындар арасында өршіген жаппай төбелес атысқа ұласып, салдарынан екі адам оққа ұшып, тағы бір азамат пышақ жарақатын алды, деп хабарлайды Alash.kz.

Күдікті ретінде ауылдың жеті тұрғыны қамауға алынды. Қанды оқиғаға дейін жергілікті дүкендердің бірінің маңында бірнеше азамат төбелескен. Алдын ала болжам бойынша, жанжалға қатысушылар мас күйінде болған және екі тарап та төбелестен кейін көмекке өз таныстарын шақырған.

Атыс кезінде көз жұмғандардың бірі - 39 жастағы жергілікті тұрғын Бекболат. Жақындарының айтуынша, ол жанжалға тікелей қатыспаған, тек көмек сұрап келген танысына араша түспек болған. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, кейін жүк көлігімен келген бір топ адам Бекболаттың үйінің маңына жиналып, алдымен аулада тұрған көлікті зақымдаған, артынша қақпаға бірнеше рет оқ атып, үйдің аумағына басып кірген. Сол сәтте баспана ішінде оның отбасы мүшелері болған. Марқұмның туыстары шабуыл жасағандардың қолында аңшылық қару, тас пен таяқ болғанын айтады. Ауыр жарақаттан қайтыс болған Бекболат ауылдағы спорт кешенінде жұмыс істеген, оның артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Қанды оқиғадан тағы бір азамат көз жұмды. Алайда оның жақындары тілшілерге сұхбат беруден бас тартқандықтан, марқұмның нақты кімнің оғынан қаза тапқаны әзірге белгісіз.

Алматы облыстық полиция департаменті жанжалдың алдымен дүкен маңында басталып, кейін тұрғын үйлердің бірінің алдында жалғасқанын растады.

«Жанжал кезінде екі адам аңшылық мылтықтан жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Аталған фактілер бойынша адам өлтіру және бұзақылық баптарымен қылмыстық істер қозғалды», — деп мәлімдеді ПД.

Қазіргі уақытта жеті күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Марқұм Бекболаттың туыстары жанжал ушығып кетпей тұрып полицияға қоңырау шалғандарын, алайда тәртіп сақшыларының оқиға орнына уақытында келмегенін алға тартты. Осыған байланысты олар прокуратураға шағым түсірді. Қаза болғандардың жақындары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар