Шығыс Қазақстандағы Артемьев шахтасында өндірістік жазатайым оқиға орын алып, кәсіпорын қызметкері мерт болды, деп жазады Alash.kz.
«Востокцветмет» ЖШС-не қарасты нысанда шаң желдету қызметінің механигі биіктіктен құлап, алған жарақаттарынан көз жұмған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары басталып, оқиғаның мән-жайы зерттелуде.
Қайғылы оқиға 9 мамыр күні болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, механик шамамен 9 метрлік биіктіктен құлаған. Оқиғадан кейін бірден арнайы комиссия құрылып, еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын және апаттың нақты себептерін анықтауға кірісті.
KAZ Minerals тобы оқыс жағдайда қаза тапқан қызметкердің жақындары мен туған-туыстарына ресми түрде көңіл айтты. Компания басшылығы марқұмның отбасына моральдық және материалдық тұрғыда барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.