Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер және режиссер Балтабай Сейітмамытұлы дүниеден озды, деп хабарлайды Alash.kz.

Балтабай Сейітмамытұлы саналы ғұмырында ұзақ жылдар бойы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры мен Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында қызмет етіп, отандық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Шығармашылық жолында классикалық және заманауи драматургиядағы күрделі бейнелерді сомдап, режиссер ретінде бірнеше қойылымды жарыққа шығарды. Мемлекет алдындағы озық өнері мен елеулі еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, төмендегідей мәлімдеме таратты:
«Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Балтабай Сейітмамытұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз».
Марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.