Қарағандыда супермаркет маңында жиналған 16 адам полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Әлеуметтік желілерде Қарағандыдағы супермаркеттердің бірінің маңында бір топ адамның жерде жатқанын, ал олардың жанында арнайы мақсаттағы полиция жасағының қызметкерлері тұрғанын көрсететін бейнежазба тарады.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 22 шілде күні полицияға қаладағы супермаркеттердің бірінің маңына бір топ жас жиналып, олардың арасында жанжал туындауы мүмкін екені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері заңға қайшы әрекеттердің жолын кесіп, жағдайдың ушығуына жол бермеген.
Ведомствоның хабарлауынша, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін полицияның аумақтық бөліміне 16 адам жеткізілген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Сондай-ақ полиция қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекет ерекше бақылауда екенін атап өтті.
«Полиция қызметкерлері мұндай хабарламаларға алдағы уақытта да жедел әрекет етіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық полиция департаменті.