Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қандастардың елге оралуы қиындай ма?»: Мұрат Әбенов жаңа жобаны сынға алды

16:14, 28 мамыр 2026

Қазақстанға көшіп келген қандастардың ресми құжаттарды алу процесін өзгертуді көздейтін жаңа пилоттық жоба әзірленді, деп хабарлайды Alash.kz. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму министрлігі және Ішкі істер министрлігі бірлесіп дайындаған бұл ереже бұдан былай ұлттық ерекшелікке емес, келушілердің кәсіби біліктілігі мен сұранысқа ие мамандығына басымдық бермек. Мұндай қадам қандастардың бұрынғы жеңілдіктері мен артықшылықтарын шектейтіндіктен, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов тарапынан қатаң сынға ұшырады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев жаңа ереженің негізгі мақсатын түсіндіре келе, өз сөзінде былай деп мәлімдеді:

«Бұл жоба бойынша біз адамды қандас немесе қандас емес деп бөлмейміз, бөлініс оның біліктілік деңгейі мен Қазақстан үшін сұранысқа ие болуына қарай жүргізіледі».

Министрліктің бұл ұстанымына бірден қарсылық білдірген халық қалаулысы Мұрат Әбенов шенеуніктерге төтесінен сұрақ қойып, өз ренішін төл сөзбен келесідей жеткізді:

«Сонда біз қандас мәртебесін не үшін енгіздік? Яғни, адамдар бізге қарай жолға шығып қойғанда, сіздер жылдың басында ойын ережесін өзгертіп жатсыздар ма?»

Сонымен қатар, депутат шетелден келетін қазақтар үшін міндетті саналатын «Қазтест» емтиханының әділетсіз ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, сырттағы ағайын латын әліпбиіне дағдыланған, ал сынақ кириллицада өткізіледі. Осы ретте депутат қандастардан түскен шағымдардың көптігін алға тартып, сөзін былай деп түйіндеді:

«Қазіргі уақытта мыңдаған қандас тарихи отанына орала алмай отыр. Маған қандастардан шағым айтылған 500-ге жуық хат келді».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар