Блогер Ерболат Жанабылов жұбайы Эльмира Төлегеновамен болған тұрмыстық жанжалдан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін Эльмира Төлегенова әлеуметтік желіде күйеуімен арада келіспеушілік болғанын айтып, денесіндегі, атап айтқанда қолындағы қызарған іздерді көрсеткен видео жариялаған еді. Аталған бейнеролик құқық қорғау органдарының назарына түсті.
Блогер үйіндегі гардероб бөлмесіне тығылуға мәжбүр болғанын айтып, әлеуметтік желідегі оқырмандарын алаңдатты. Оның сөзінше, күйеуі мен оның туған аға-бауырлары есікті бұзып кіруге тырысқан. Блогер мұндай әрекетке олардың отбасылық құпиялардың жария болып кетуінен қорқуы себеп болуы мүмкін екенін жеткізіп, өзіне қысым жасалып жатқанын аңғартты.
Эльмира Instagram-ға екінші телефоны арқылы кіргенін және құрылғысының қуаты небәрі 5 пайыз ғана қалғанын атап өткен. Алайда оның гардеробта жасырынып тұрғаны туралы жарияланған бұл стористері арада алты минут өткенде өшіріліп кетті.
Астана қалалық Полиция департаменті берген мәліметке сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық деңгейде жанжал туындаған. Сүйіктісінің үстінен Төлегенова арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, полиция қызметкерлері Жаңабыловтың үстінен әкімшілік хаттама толтырды.
Нәтижесінде ол жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау изоляторына оқшауланды. Іске қатысты барлық материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен бірге, Эльмира Төлегенова қазіргі уақытта Ерболат Жаңабыловпен ажырасу процесі жүріп жатқанын да мәлімдеді.