Танымал продюсер, журналист Серік Абас-Шах жаңа жылды тойлау дәстүріне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Alash.kz Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол көпшілікті жаңа жылды кемсітпей, наурызды асқақтатуға шақырды.
«Жаңа жылды кемсітпей, наурызды асқақтатайық! Төл мерекелеріміз — иықтағы қонымсыз шапан, қауашаққа қондырылған епетейсіз қалпақ сияқты. Ылғи да бip шеті сөгіліп, бір шеті қисайып тұрады.
Жалпыхалықтық ауқымда атап өтілетін Жаңа жыл мейрамына Иисус Христостың қатысы барын қазақтың бірі біліп, бірі біле қоймас. Білгені ұмытып бара жатса бұл мейрамның қайдан шыққанын тұспалдап, артық әңгімені қолдан жасай бастаймыз.
Мәселе Иса пайғамбарға тіреліп тұрған жоқ. “Жаңаның” аты жаңа… Бұл бүкіл әлем жұрты мойындайтын ресми жылдың бастауы.
Жабайыланып (тау асып немесе дала кезіп) кетпесеңіз, 1 қаңтардан басталатын күнтізбені сіз де пайдаланасыз. Күн сайын. Олай болса, жаңа жылды жоққа шығарғысы келетін бұл не жан-айқай? Қайдан шыққан ойбайхана?
Жаңа жыл — заман ағысына байланысты санаға сіңген мереке, қалыптасқан дәстүр.
Енді ештеңені өзгерте алмаймыз. Қазақ мойындамайды екен деп басқаның бірдеңесі қисайып қалмайды. Біреуге жаман бірдеңе тілегенше, өзімізге үлкен қуаныш тілейік.
Ұлыстың ұлы күнін биіктету үшін, жаңа жыл мерекесін төмендетпейік! Одан да Әз-Наурызға қатысты замануи дәстүр, қызықты ойын-жоралғылар ойлап табайық, ағайын!», — деп жазды ол.