Астана қаласында қызметтік кезеңде басына кондиционер құлап, мерт болған Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты сот талқылауы басталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сотта жәбірленуші деп танылған Ұлдананың бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел қаралы оқиға болған күнді еске алды.
8 қараша күні біз Қосшы қаласындағы үйімізден бірге шығып, өз көлігімізбен жұмысқа бардық. Ұлдана Байқоңыр ауданы Жедел жәрдем стансасында күндізгі ауысымға шықты. Ал, менде №1 Қалалық ауруханада кезекшілік еді. Сол кезде №1 Қалалық ауруханада жұмыс істеп жүрдім. Таңғы 6:30-дар шамасында жұмысқа шықтық. 7:45-те жұмысымызда болдық. Біз хабарлама алмасып отырдық. Сағат 8-де бізде жоспарлы ота бар еді. Мен сонда кіріп кеттім. 8:30 шамасында ота аяқталды. Әрі қарай хат жазыстық. Сол кезде қандай да бір жедел жәрдем шақыруына бара жатқанын айтты. Сағат 10 шамасында Ұлдана бірнәрсенің құлағаны туралы және зардап шеккендерді біздің ауруханаға әкелуі мүмкін екенін жеткізді. Біз одан соң сөйлеспедік. 10:50 шамасында Қалалық аурухананың ішкі телефонынан маған әйелімнің қабылдау бөлімінде жатқаны туралы қоңырау түсті. Төменге түсіп, келіншегім екенін растауымды сұрады. Ұлдананың жазғандарын ескеріп, мұны қалжың деп ойладым. Мән бермей, жұмысымды істей бердім. 10:55-те анам хабарласты. Қабылдау бөліміндегі шокқа қарсы палатада келіншегімді танығандарын айтты. Өйткені, анам бұған дейін осы ауруханада жұмыс істеген еді. Оған Ұлдананың жағдайы туралы әріптестері хабар беріпті. Мен екінші қабаттағы ота жасау бөлімінен Ұлдана жатқан бөлімге түстім. Келіншегім екенін танып, айттым. Өйткені, оны ауруханаға белгісіз зардап шегуші ретінде жеткізген. Басқа алып қосарым жоқ.