Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қаласам, сейсенбінің бір түнінде Иранды жермен жексен етемін!»: Трамп әлем елдеріне сес көрсетті

16:41, 07 сәуір 2026

АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери әрекеттердің қарқыны туралы кезекті мәлімдемесін жариялады, деп жазады Alash.kz.

Ақ үй басшысының айтуынша, америкалық қарулы күштер соңғы апталар ішінде Иран аумағындағы стратегиялық нысандарға жаппай соққы беріп, әуе шабуылдарын үдеткен. Сонымен қатар, ол Иранмен арадағы қақтығыс кезінде Вашингтонның бастамасын қолдамаған одақтас елдерді қатаң сынап, аймақтық серіктестерінің белсенділігін жоғары бағалады.

Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында соңғы 37 күн ішінде атқарылған әскери жұмыстардың есебін берді. Оның дерегінше, осы уақыт аралығында 10 мыңнан астам әуе шабуылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 13 мыңнан астам нысана жойылған. Президент қажет болған жағдайда Иранды сейсенбінің бір түнінде-ақ толықтай күйретуге қауқарлы екенін айтып, сес көрсетті.

Сөз арасында мемлекет басшысы АҚШ-тың халықаралық аренадағы одақтастарының ұстанымына тоқталды. Ол Жапония, Аустралия, Оңтүстік Корея сияқты елдердің, тіпті НАТО мүшелерінің тиісті көмек көрсетпегеніне наразылығын білдірді. Трамп бұл елдердің қауіпсіздігін Америка әскері қамтамасыз етіп отырғанын еске салып:

«Жапонияда оларды Солтүстік Кореядан қорғап отырған 50 мың әскери қызметкеріміз бар. Оңтүстік Кореяда Ким Чен Ыннан қорғап отырған 45 мың әскеріміз бар», — деп атап өтті.

Керісінше, Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекеттердің әрекеті Ақ үй тарапынан қолдау тапты. Президент Сауд Арабиясы, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Кувейттің көрсеткен көмегін жоғары бағалап, оларды «керемет» серіктестер деп атады. Ол өз сөзінде:

«Жапония бізге көмектеспеді, Аустралия көмектеспеді, Оңтүстік Корея көмектеспеді. Кейін НАТО-ға жүгінесіздер — олар да бізге көмектеспеді. Сауд Арабиясы керемет болды, Қатар керемет болды, БАӘ, Бахрейн, Кувейт — барлығы да қолдау көрсетті», — деп мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар