Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қайтадан сырғанау өте ауыр»: Михаил Шайдоров қазіргі жағдайы туралы тосын мәлімдеме жасады

18:42, 07 қараша 2026

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада ойындарындағы жеңістен кейін мұз айдынына қайта оралудың психологиялық қиындықтары мен алдағы жоспарлары туралы ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz.

Олимпиада маусымынан кейін бұрынғы жаттығу ырғағына түсу оңайға соқпай жатқанын жеткізген 2026 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы Championat.ru басылымына берген сұхбатында бұл жағдайдың себептерін былайша түсіндірді:

 «Олимпиада алтынынан кейін қайтадан сырғанау өте ауыр. Жалпы, жаттығуларға шығудың өзі үлкен күшті талап етеді. Адам бәрін автоматты түрде істеп жүргендей әсерде болады, бірақ олимпиадалық медаль бейсаналы түрде бәрібір босаңсытып жібереді екен. Қайтадан мұзға шығып, өнер көрсету оңай емес. Мүмкін, Олимпиада маусымынан кейін әлі толық қалпына келе алмағандықтан да бұл маған қиын тиіп жатқан болар», — деді Михаил Шайдоров.

Осындай кезеңді бастан кешіріп жатқанына қарамастан, спортшы кәсіби мансабын аяқтауды жоспарлап отырған жоқ. Ол өзін алда дамытуға деген ынтасының әлі де жоғары екенін атап өтіп, сөзін былай деп түйіндеді:

 «Болашаққа деген мотивацияны қайдан аламын дейсіз бе? Менде Олимпиада ойындарына дейін де мәнерлеп сырғанаушы ретінде шеберлігімді арттырсам, сырғанау техникасы мен хореографияны шыңдап, бағдарламаларымда ерекше де жаңа образдарды сомдасам деген үлкен мақсат болған. Бұл бағытта әлі де атқаратын жұмыс өте көп», — деп атап өтті олимпиада чемпионы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар