Көптен бері сахнадан көрінбей кеткен әнші Қайрат Түнтеков өнерге қайта оралатынын мәлімдеп, жанкүйерлеріне қуанышты жаңалығын жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялап, сахнадан алыстауына себеп болған жайттарды ашық айтты.
Әнші жанкүйерлерінің қолдауы өзіне әрдайым күш беретінін айтып, көпшіліктің ықыласына ризашылығын білдірді.
«Басымнан талай жағдай өтті. Қуаныш та болды, қиындық та болды. Кейде бәрін тастап, үнсіз қалғым келген сәттер де аз емес. Бірақ өнерден біржола кете алмадым. Өйткені ән – менің өмірімнің бір бөлшегі. Сахна – менің орным. Ал сіздердің қолдауларыңыз маған әрдайым күш береді.
Мен бір кездері бәрінен бас тартқым келді. Әннен де, сахнадан да… Бұрынғы өмірімнен де… Сырт көзге бәрі жақсы көрінуі мүмкін. Бірақ адамның басынан не өтіп жатқанын өзі ғана біледі. Мен бір нәрсені түсіндім. Адамның ең үлкен күресі кейде басқалармен емес өзімен болады. Қайта шықсам, қабылдайсыздар ма?», – деді Қайрат Түнтеков.