Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бұрынғы ректоры, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева ректорлық қызметке қайта оралу мақсатында алаяққа 200 мың АҚШ долларын берген. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Оның мәліметінше, 37 жастағы Арман Таженов есімді азамат өзін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының жиені ретінде таныстырып, бірнеше азаматты алдаған. Тергеу материалдарына сәйкес, алғашқы жәбірленуші - ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы қызметкері. Ол қайта жұмысқа орналасуға ниет білдіріп, Таженовке 10 мың доллар көлемінде қаражат берген. Кейін қосымша 2 миллион теңге аударған. Алайда көрсетілген қызмет орындалмаған.
2024 жылдың көктемінде басталған алаяқтық әрекеттердің екінші эпизоды Айман Мұсақожаеваға қатысты. Таженов оны Ұлттық өнер университетінің ректоры лауазымына қайта тағайындауға көмектесуге уәде берген. Белгілі скрипкашы 1998 жылдан бері аталған оқу орнын басқарған, бірақ 2024 жылдың басында зейнет жасына байланысты қызметінен кеткен. Бұрынғы лауазымына қайта оралуды көздеген Мұсақожаеваның жолдасы, кәсіпкер Асқар Бекбаев делдал арқылы келісімге келіп, 200 мың доллар көлемінде қаражат берген. Бұл соманың жартысы Алматы қаласында қолма-қол табысталған. Кейін Таженов тағы 100 мың доллар талап еткен. Қосымша қаражат кепіл ретінде ұсынылған көлік арқылы рәсімделген. Ақыры, уәде орындалмаған. Мұсақожаева лауазымына қайта тағайындалмаған, ал Таженов байланысқа шықпай кеткен. Жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінген.
2024 жылдың қарашасында Арман Таженов ұсталып, қамауға алынған. Тергеу барысында ол кінәсін толық мойындап, келтірілген материалдық залалды өтеген. Осыны ескере отырып, Алматы қаласы соты судья Құралай Дарханованың төрағалығымен оған 4 жыл шартты жаза тағайындады.