Оқу-ағарту министрі білім беру бағдарламасына енгізілетін өзгерістер туралы айтты, деп жазады Alash.kz.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірге жұмыс сапары аясында «Келешек мектебіне» барып, білім ордасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ педагогтердің сауалдарына жауап берді.
Кездесу барысында білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Министр жаратылыстану-математика бағытындағы пәндердің оқу сағаттары мен мазмұны қайта қаралып, бастауыш сынып бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін айтты.
Сонымен қатар 5–7 сыныптарға «Конституция негіздері», 8–9 сыныптарға «Заң және тәртіп» пәндерін енгізу, ал 10–11 сыныптарда «Құқық негіздерін» оқытуды міндеттеу жоспарланып отыр. Оқушылардың білім деңгейін бағалау мен сауаттылығын арттыру мақсатында мазмұндама, шығарма және диктант жазу қайта енгізілетінін жеткізді.
- «Келешек мектебі» үшін үш негізгі қағида – тазалық, тәртіп және педагогтердің бірсарынды жұмыс істемеуі. Ол тек білім ордасы ғана емес, елдің ертеңіне қызмет ететін білімді ұрпақты даярлайтын маңызды орта болуы қажет, – деді ол.
Министр өңірдегі білім сапасының жақсарғанын, сондай-ақ соңғы төрт жылмен салыстырғанда 55,5%-ға жеткенін айтты. 2025-2026 оқу жылында 300-ден астам оқушы республикалық, ал 27 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған. Министр өңірде білім беру саласындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді.