Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру бағдарламасына енгізілетін өзгерістер туралы айтты, деп жазады Alash.kz.
Министр мектеп бағдарламасына мазмұндама, шығарма және диктант жазу қайта енгізілетінін жеткізді.
“Үшіншіден, ұлттық мектептің тағы бір маңызды бағыты – оқу мәдениеті. Бұрын бастауыш сыныптарда оқушының бір минутта қанша сөз оқитыны ғана емес, мәтінді қаншалықты түсінгені де бағаланатын. Кейін бұл тәсілден алыстап кеттік. Осы үдерісті бағдарламаға қайта енгізбекпіз. Жылдам оқу емес, түсініп оқу, мәтінді пайымдап оқу басты назарда болады. Жасанды интеллект дәуірінде баланың кітапқа жақын болуы, мәтінмен жұмыс істеуі, ойын жазбаша жеткізе алуы ерекше мәнге ие. Сондықтан біз диктант, мазмұндама, шығарма жазуды қайта енгіздік. Бұлар бір кезде бағдарлама мазмұнынан түсіп қалған еді. Қазір балалардың күрделі романдарды оқуы, жай ғана оқып қоймай түсініп оқуы да аса маңызды. «Оқитын ұлт» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бастамасына «ЦентрКредит» банкі қолдау танытты. Жаңа оқу жылында Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романының жалғасы болып есептелетін «Елең-алаң» романын 8 000 данамен басып шығардық. Жаңа оқу жылында сол кітапты оқушыларға түгел таратамыз. Балалар өз қаламгерлеріміздің шығармасын осы жоба аясында оқып отырғаны маңызды деп санаймыз”,- деді Жұлдыз Сүлейменова «Ana tili» газетіне берген сұхбатында.