Алматыда «Барлық» базарына дейін және әуежайға қарай жаңа метро желілерінің салынатыны туралы ақпарат көпті елең еткізді. Оны салуға Қытайдан компания тартылғалы жатыр-мыс. Метроны салу үшін қарызды да Қытайдың Эксимбанкі бермек, деп жазады Alash.KZ.
Ал Қазақстанның метро салатын өз компаниясы тұрғанда Қытайдан қарыз алып, компаниясын тарту кімге керек болды? «Алматыметроқұрылыс» АҚ компаниясының басшысы, кәсіпкер Қайрат Реимов осы сұрақты билікке қойып, қоғамды ойлануға шақырады.
Қалқаман станциясынан Барлық станциясына дейінгі метро жайлы бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтқан еді. Оның сөзінше, ұсыныс қабылданған. Енді жоба сметасы реттеліп, құны есептеледі. Ол үшін Қазақстан билігі Қытайдың Эксимбанкінен 1 млрд доллар қарыз алады. Құрылысты да Қытайдың компаниясы жүргізеді.
Кәсіпкер Қайрат Реимов метроның құрылысынан түк те түсінбейтін депутаттар халыққа қате ақпарат беріп отыр деп есептейді, qaz365.kz.