Қазақстандық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі сегізінші турда Лондонның әйгілі «Арсенал» клубына 2:3 есебімен жол берді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
1bol.kz хабарлауынша, ойынның 2-минутында «Арсенал» сапынан Виктор Дьёкереш мергендік танытып, есеп ашты. Дегенмен «Қайрат» тез жауап қатты: 7-минутта айып алаңындағы ереже бұзудан кейін Жоржиньо пенальтиден дәл соғып, таразы басын теңестірді.
Алайда бірінші таймның ортасында лондондық клуб қайта басымдыққа ие болды — Кай Хаверц 15-минутта гол соқса, 33-минутта Габриэл Мартинелли есепті ұлғайтып, «Арсеналды» алға шығарды.
Екінші кезеңде алматылық команда қарсыласқа лайықты қарсылық көрсеткенімен, шешуші сәттерде дәлдік жетіспеді. Ал матчтың ең соңында, 93-минутта «Қайрат» сапынан Рикардиньо гол соғып, есеп айырмасын қысқартты.
Айта кетейік, маусым бойы «Арсеналға» екі голды тек екі команда ғана салған болса, «Қайрат» лондондық клуб қақпасына бір ойында-ақ екі рет дәл соққы жасап, сенсациялық көрсеткіш тіркеді.