Каскелең қаласындағы перзентханада шала туған үш нәрестенің өліміне байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. 28 жастағы босанған әйелдің туыстары полицияға арыз жазып, оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етуде. Бұл туралы ALASH.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Туыстарының айтуынша, әйел жүктіліктің 25-аптасында үшем дүниеге әкелген. Нәрестелердің екеуі туғаннан кейін көп ұзамай шетінеген. Ал үшінші сәбидің қайтыс болғанын әкесі кейінірек білген. Қазір отбасы үшінші нәрестенің мәйітін беруді күтіп отыр.
Марқұм сәбилердің жақындары дәрігерлер анаға кесарь тілігін жасау қажет болғанын айтқанымен, босандыру табиғи жолмен жүргізілгенін алға тартуда.
«Бізге дәрігерлер кесарь тілігін жасау керек болғанын айтты. Бірақ белгісіз себеппен Айдананы өздігінен босандырған. Таңертең ол күйеуіне екі баланың қайтыс болғанын жазған. Ал үшінші сәби бөлімшеде жатыр деген. Біз екі баланы жерлеуге кеткенде, кейін үшінші сәбидің де көз жұмғанын естідік. Неліктен дәрігерлер мұны бізден жасырды?» – дейді туысы Жазира Төлешова.
Туыстарының сөзінше, дәрігерлер нәрестелердің нақты неден көз жұмғанын түсіндірмеген. Сондықтан олар мәйіттерді қайта қазып алып, ДНҚ сараптамасын жүргізуді талап етпек.
«Ешқандай құжатсыз екі баланы қорапқа салып қолымызға ұстатты. Біз балаларымыздан қалай айырылғанымызды, нақты не болғанын білгіміз келеді. Үшеуіне де эксгумация жасалып, ДНҚ сараптамасы жүргізілсін деп талап етеміз», – деді туысы Ержан Екейбаев.
Ал Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының мәліметінше, әйел шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген және оған медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілген.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелер жүктіліктің 25-аптасында өте төмен салмақпен дүниеге келген. Мұндай мерзімде туған сәбилердің өмірлік маңызды ағзалары, әсіресе өкпесі мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді.
«25 аптадағы үшеммен босану – аса ауыр жағдай және шұғыл медициналық көмекті талап етеді. Туған кездегі салмағы 500 грамнан төмен нәрестелердің өмірлік маңызды ағзалары әлі толық жетілмеген болады», – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәрестелердің нақты неден қайтыс болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.