Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азаматтық некедегі әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған ер адамға қатысты сот процесі басталды. Істі қарау барысында сотта маңызды деталь белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, оқиға пәтерлердің бірінде орын алған. Мас күйінде болған айыпталушы отбасылық жанжал кезінде әйелге бірнеше жерден пышақ сұғып, оны оқиға орнында мерт қылған. Қанды оқиға олардың 3 жасар кішкентай қызының көзінше болған. Адам шошырлық қылмыстан кейін күдікті бүлдіршінді қайтыс болған анасының денесімен бірге пәтерде қалдырып, шығып кеткен. Кішкентай қыз марқұмның қасында бір жарым тәулікке жуық уақыт жалғыз қалған. Әйелдің денесі мен баланы үйге оралған 16 жасар үлкен қызы тапқан.
Бұл іс алқабилердің қатысуынсыз, судья Зарема Хамидуллинаның төрағалық етуімен қаралып жатыр. Айыпталушы өз кінәсін толық жоққа шығармағанымен, жанжалды бірінші болып марқұмның өзі бастағанын және пышақты тартып алғанын айтып, өз жасаған ісіне өкініш білдірді.
Қазіргі уақытта оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатігездікпен жасалған кісі өлтіру») бойынша айып тағылуда. Сот тергеуі жалғасып жатыр.