Путин денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз азаматтарды ерікті түрде қызметке тарту идеясын қолдады, деп жазды Alash.kz.
Ресей президенті Владимир Путин денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке толық жарамсыз деп танылған азаматтарды аймақтық әскери бөлімдерде ерікті түрде қызметке тарту туралы ұсынысты қолдады.
Бұл бастаманы «Россия 1» телеарнасының әскери тілшісі Евгений Поддубный Путиннің «Единая Россия» партиясының өкілдерімен кездесуінде көтерген.
Поддубныйдың айтуынша, жарақат алған және денсаулығына байланысты «Д» санаты берілген әскери қызметшілердің кейбірі қызметін жалғастыруға мүмкіндік сұрап өздері өтініш білдіреді. Оның пікірінше, олар аймақтық бөлімдерде, соның ішінде ұшқышсыз аппараттарға қарсы міндеттерді орындауға қатыса алады. Мысал ретінде БАРС (Елдің жауынгерлік армия резерві) бөлімдерін атады.
Путин ұсынысты қолдайтынын білдірді.
Қазіргі Ресей заңнамасында «Д» санаты әскери қызметке денсаулық жағдайына байланысты толық жарамсыз адамдарға беріледі. Алайда аталған ұсыныстың нақты қандай тәртіппен және қандай санаттағы азаматтарға қатысты іске асырылатыны әзірге белгісіз.