Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы”: Ерлан Қарин Конституциялық Сот шешіміне қатысты пікір білдірді

12:00, 08 шілде 2026

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық Соттың лауазымды тұлғаларды тағайындау және сайлауға қатысты шешімін түсіндіріп, оның тек нормативтік-құқықтық сипатқа ие екенін атап өтті, деп жазады Alash.kz. 

"Конституциялық Соттың бүгінгі түсіндірмесі таза нормативтік-құқықтық сипатқа ие. Бұл – жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты туындаған бірқатар рәсімдік мәселелерге берілген құқықтық жауап.

Атап айтқанда, жаңа Ата Заңның күшіне енуіне байланысты 1 шілдеден бастап конституциялық нормадағы бір реттік өкілеттік мерзім талабы қолданылатын лауазымды тұлғалар тағайындалуға тиіс: Жоғарғы Соттың Төрағасы, Бас Прокурор, Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары.

Осыған орай «Бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норманы қазіргі іс басындағы лауазымды тұлғаларға қолдану керек пе әлде олардың қайта тағайындалуына мүмкіндік бар ма?» деген сауал туындаған еді", – деді Ерлан Қарин.

Оның сөзінше, Конституциялық Соттың түсіндірмесі аталған мәселеге нақты құқықтық жауапты ұсынады: бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті лауазымдарға тағайындалған адамдарға ғана қолданылады.

"Құқықтық реттеудің бірізділік қағидатына сәйкес, бір реттік өкілеттік мерзім жөніндегі норма қазіргі Президентке де қатысты болады.

Бұл ретте, Президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы туралы ереже мемлекеттің Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны секілді мүлдем өзгермейтінін атап өту қажет (ҚР Конституциясының 43-бабы, 5-тармағы).

Конституциялық нормалардың аталған түсіндірмесі қандай да бір тұлғаның автоматты түрде тағайындалатынын немесе сайланатынын білдірмейді. Ол тек тиісті тұлғаның сайлауына немесе тағайындалуына құқықтық мүмкіндігі бар екенін айқындайды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес бүгін Мемлекет басшысы Бас Прокурорды тағайындады.

Конституциялық Соттың бүгінгі шешімі – жаңа мемлекеттік-саяси модельді қалыптастырумен байланысты ауқымды үдерістің кезекті бір бөлігі ғана. Қазіргі таңда жаңа институттарды іске қосу бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда: Құрылтай сайлауы тағайындалды, саяси партиялар съездерін өткізуде, сондай-ақ «Қазақстан Халық Кеңесі» хатшылығын құру туралы Жарлыққа қол қойылды", – деп жазды Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар