Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Польшаға ат басын бұрды. Өнер иесі Краков қаласына өзінің жаңа DiMENSIONS атты әлемдік туры аясында барған, деп жазады Alash.kz.
Польша Димашты алғаш рет қарсы алып отыр. Әншіні әуежайдан күтіп алуға жергілікті фан-клуб мүшелерімен қатар, концертті тамашалау үшін өзге елдерден арнайы келген жанкүйерлер де жиналды.
Польшалық жанкүйерлер қазақстандық өнер иесіне арнап ерекше қарсы алу бағдарламасын ұйымдастырды. Skalne Orły фольклорлық ансамблі Димашты дәстүрлі поляк әндерімен қарсы алды. Олардың қатарында Hej, bystra woda және Szła dzieweczka шығармалары, сондай-ақ Подгале өңірінің халық әндері болды.
Мерекелік көңіл күйді жанкүйерлердің Польша фан-клубының логотипі бейнеленген баннерлері, жалаулары мен киімдері толықтырды. Әуежайға жиналған жұрт сүйікті әншісін асыға күтіп, бірлік пен ыстық ықыластың үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар, жанкүйерлер Димашқа поляк халқының дәстүрлі қонақжайлық рәсімі бойынша нан мен тұз ұсынды. Бұл дәстүр қонаққа деген құрмет пен ізеттіліктің символы саналады.
Әуежайдағы қарсы алу шарасына Польша, Қазақстан, Франция, Румыния, Испания, Жапония, Италия, Канада, Австралия, Германия және басқа да көптеген елдердің жанкүйерлер қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Айта кетейік, 18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena Kraków концерт залында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік турының алғашқы концерті өтеді.
Көрермендерді жаңа сахналық шоу, тың әндер және көптен күткен кездесулер күтіп тұр.
Айта кетейік, DiMENSIONS әлемдік турының алғашқы концерті 18 қазанда Краков қаласында өтеді. Бұл концерт қазақстандық әншінің жаңа музыкалық жобасын халықаралық аудиторияға таныстырудағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.