Отандық актер Дархан Мұсаев бұрынғы жұбайы, танымал актриса Дариға Бадықованың актер Олжас Абаймен шаңырақ көтеруіне қатысты өз ойын ашық бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
НТК арнасындағы «Не дейді» бағдарламасына сұхбат берген өнер иесі экс-сүйіктісінің басқа азаматпен тұрмыс құрғанын әлеуметтік желі арқылы білгенін жеткізді. Мұсаев бұл жаңалықты естігенде бойында ешқандай ерекше сезім немесе күйзеліс болмағанын айта келе, бұрынғы отбасылық өмірде көңіліне қаяу түсірген жайттарға тоқталды. Ол өз сөзінде бұрынғы жарына бақыт тілеп, іштегі өкпесін былайша ашып айтты:
«Адамзат үш нәрсені ұмытпайды дейді ғой. Мен өзіме тиесіліні айтайын. “Подлость” жасаған адамды ұмытпайды екенсің, әсіресе ер азамат. Мен оны қатты жақсы көргенімнен емес, тек маған иттік жасағанына қатты налыдым. Ал былай Аллаға аманаттап тастағанмын, дұғамды тіледім. Қайта қуанып жатырмын. Мен 16 жасымда анамнан айырылған адаммын. Әйел үшін жанымды ауыртып, ауырып қалатын адам емеспін. Сол үшін Аллаға аманаттадым. Жолы ашық болсын, аман болсын. Әлеуметтік желіден көрдім. Соқырдың өзі көретіндей тарап жатыр ғой. Ешқандай сезімде болған жоқпын», – деді актер.
Еске сала кетейік, бұған дейін отандық шоу-бизнес өкілдері Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың отау құрғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен болатын.