Ким Чен Ын Ресей президенті Владимир Путин тарапынан айтылған жылы лебіздер мен қолдау үшін алғыс білдірді. Бұл туралы КНДР-дың Орталық телеграф агенттігі хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Хабарламада Путиннің Ким Чен Ынды КНДР Мемлекеттік істер жөніндегі төрағасы қызметіне қайта сайлануымен алғашқылардың бірі болып құттықтағаны айтылған. Жауап хатында Ким Чен Ын Пхеньянның Мәскеумен әрдайым бірге болатынын ерекше атап өткен.
Сондай-ақ, ол бұған дейін де Ресей президентімен арадағы достықты жоғары бағалап, оны баға жетпес қарым-қатынас ретінде сипаттаған.
Хат мәтінінде екі ел арасындағы сенім мен берік байланыс алдағы уақытта тұрақтылықты нығайтып, ынтымақтастықты біртіндеп дамытуға ықпал ететіні айтылған. Ким Чен Ынның сөзінше, бұл өзара әрекет халықтардың әл-ауқатын арттыруға да оң әсер етеді. Сонымен қатар, Пхеньянның Мәскеумен бірге болу ұстанымы — саналы таңдау әрі өзгермейтін бағыт екені атап өтілген.