Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша «байыпты әрі күрделі келіссөздерді» бастауға қажетті шарттар Киевке жақсы таныс. Егер Украина сол талаптарды орындаса, әскери іс-қимылдар қысқа мерзімде тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков брифинг барысында мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Ол осылайша Bloomberg агенттігінің Ресей Донецк халық республикасының (ДХР) бүкіл аумағын толық бақылауға алмайынша келіссөздер процесін қайта бастауға ниетті емес деген материалына пікір білдірді.
Песковтың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Ресей президенті Владимир Путин Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен өткен кездесуде әскери іс-қимылдарды тоқтатудың негізгі шарттарын жариялаған болатын.
«Бұл талаптардың барлығы әлі де күшінде. Бұл параметрлер әлемге, соның ішінде Киевке де жақсы белгілі. Біз бірнеше рет айтқандай, Киев тек жауапты шешім қабылдаса жеткілікті. Сонда әскери іс-қимылдар өте тез тоқтап, байыпты әрі күрделі келіссөздерге көшуге мүмкіндік туады», – деді Песков.
Bloomberg агенттігі Кремльге жақын үш анонимді дереккөзге сілтеме жасап, Ресей енді Украина бақылауындағы кейбір аумақтарды қайтаруға ниетті емес екенін және оларды буферлік аймаққа айналдыруды жоспарлап отырғанын жазған.
Басылымның мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин Донецк облысының шығыс бөлігін толық бақылауға алуды көздейді. Сонымен қатар Ресеймен шекаралас орналасқан Украинаның Сумы және Харьков облыстарының бірқатар аудандарын буферлік аймақ ретінде сақтап қалуды жоспарлап отыр.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Путин аумақтық жеңілдіктер жасауға дайын болудан бас тартқан. Бұған Аляскадағы саммит барысында қол жеткізілген келісімдердің АҚШ тарапы тарапынан орындалмауы себеп болғаны айтылған.
Бұған дейін Дмитрий Песков Германияның Ресеймен байланыстарды қайта қалпына келтіруге талпынып жатқаны туралы хабарламаларға да пікір білдірген болатын.