Павел Дуров «Росфинмониторинг» тізіміне енгізілді, деп жазады Alash.KZ
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Ресейдің Қаржылық мониторинг жөніндегі федералдық қызметінің (Росфинмониторинг) террористер мен экстремистер тізіміне енгізілді.
Тиісті жазба тізілімнің «Жеке тұлғалар» бөлімінде №6895 болып жарияланды. Онда: «ДУРОВ ПАВЕЛ ВАЛЕРЬЕВИЧ*, 10.10.1984 ж.т., Ленинград қаласы» деп көрсетілген.
Дуровтың аталған тізімге енгізілуі оның банк шоттарының бұғатталуына әкеледі. Мұндай жағдайда шоттардан тек заңда белгіленген шектеулі мөлшердегі қаражатты ғана шешіп алуға және жұмсауға рұқсат етіледі.
29 шілдеде Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі Павел Дуровқа қатысты терроризмге жәрдемдесу (Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі) ісі бойынша халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеген болатын.
ФСБ бұл шешімді Telegram әкімшілігі Украина арнайы қызметтері, сондай-ақ террорлық және экстремистік ұйымдар диверсиялар, террорлық актілер мен жаппай кісі өлтірулерді ұйымдастыру үшін пайдаланатын арналарды, чаттар мен боттарды өшірмегенімен түсіндірді. Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, мессенджерді кибералаяқтар да пайдаланады.
Ал сарапшылардың пікірінше, Павел Дуровқа тағылған айып Telegram платформасының өзіне немесе оның пайдаланушыларына автоматты түрде қолданылмайды. «Лемчик, Крупский және серіктестері» заң компаниясының цифрлық IT-құқық тәжірибесінің жетекші заңгері Андрей Аксеновтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, платформа негізін қалаушысына қатысты қозғалған қылмыстық іс пен платформаның құқықтық мәртебесі арасында тікелей байланыс жоқ.
Алайда, егер құқық қорғау органдарының талаптары Telegram сервисінің өзіне де қатысты болса, онда екі ықтимал сценарий қарастырылуы мүмкін: мессенджер «қажетсіз ұйым» немесе «экстремистік ұйым» ретінде танылуы ықтимал. Осындай пікірді медиа-заңгерлер алқасының басқарушы серіктесі Федор Кравченко да білдірді.