Парижде өткен Олимпиада ойындарына семсерлесуден қатысқан Қазақстан құрамасының мүшесі Ерлік Сертайды соққыға жығып кетті. Бұл туралы спортшының өзі Instagram-дағы парақшасында оқырмандарына айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Ерлік Сертай басынан өткен жағдайды оқырман қауымға байындап, көпшіліктің пікірін білмек болды.
Massaget.kz порталының жазуынша, Ол үйіне қайтып бара жатқан кезде тосын жайтқа тап болған. Екі ортада қыз бен жігіттің қатты жанжалдасып жатқанын естіген. Кейін жігіттің қызды шашынан сүйреп бара жатқанын көріп, қызға араша түспек болған.
"Өткенде достарымның үйінен шықтым. Өз үйіме қайтып бара жатқанмын. Жігіт пен қыздың ұрысып жатқанын көрдім. Иә, сөз таластырып жатыр екен. Кім ұрыспайды? Өз жолыммен жүре бердім, бір кезде айғайды естідім. Бұрылып қарасам, жігіт оның шашынан тартып жатыр екен. Мен не істей алушы едім? Жүгіріп барып: "Сабыр сақтаңдар, бұларың не?" дедім. Жігітті ақылға шақырмақ болдым", - деді ол.
Алайда спортшы бейтаныс жігітті тыныштандыра алмаған. Даудың арты ашу-ызаға ұласып, ол қазақстандық спортшыға агрессия көрсетіп, әдепсіз сөздер айта бастаған.
Екеуара жанжал бір кезде төбелеске ұласып, отандық спортшының көзіне жұдырық тиеді.
"Біз алыса бастадық, сонда қыздың айғайын естідім. Шамасы, осы айғайдан соң тағы да жігіттер жүгіріп келіп, бізді ажырата бастады. Бәрі тынышталғандай болды: бәрі тынышталды, бізді ажыратып алды. Қыз маған қарап былай деді: "Неге біреудің ісіне араласасың, өзіміз шешіп алар едік қой", - деді Ерлік Сертай.