Бүгін Қара теңізде қазақстандық мұнайды алуға бара жатқан Maran Homer атты грек танкеріне шабуыл жасалды. Бұл туралы Грекияның БАҚ-тары хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Шабуыл кезінде кеме Ресей аумақтық суларынан тыс жерде, Новороссийск қаласындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына кіруге рұқсат күтіп тұрған. Танкер қазақстандық мұнайды қабылдауға тиіс болған.
КҚК – Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл құбыр арқылы мұнай Ресейге жеткізіліп, Қара теңіздегі Новороссийск маңындағы терминалдан экспортқа жіберіледі. Терминал арқылы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы өтеді.
Хабарламада зардап шеккендер жоқ, экипаж аман екені, кеменің палубасы мен жабдықтары аздап зақымданғаны, қоршаған ортаның ластанбағаны және танкердің Новороссийскіден шыққаны айтылды.
Василис Кикилиас, Грекияның теңіз істері және аралдық саясат министрі, шабуылдың Ресей мұнайына қатысты санкциялардан уақытша босату шешімдерімен байланысты болуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Министрдің айтуынша, кеме Chevron компаниясы тарапынан жалға алынған, Салоники қаласынан шыққан және ешқандай жүк тасымалдамаған. Кикилиас оқиғаға байланысты Афинада Еуроодақ кеңесі деңгейінде теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін көтеретінін хабарлады.
"Жаһандық кеме қатынасы болмаса, сауда да болмайды", – деді министр.