Бұдан 32 жыл бұрын ауылдастарының зорлығына ұшырап, тағдыры тас-талқан болған Наташа Қалымбетова арада жылдар өткесін іштегі ащы шындықты ашық айтып, әділдік талап етті, деп хабарлайды Alash.kz.
Басынан өткен ауыр трагедиядан кейін қызын америкалық отбасы асырап алған жапа шегуші осы күнге дейін қорқыныш пен тығырықтан қашып жүргенін мойындады. Оның айтуынша, бапталмай қалған балалық шағы мен тапталған ар-намысы жанына мәңгілік жара салған. Дегенмен, уақыт өтсе де ішкі азаптан арыла алмағанын түсінген ол ақыры үнсіздікті бұзуға бекінген.
Наташа Қалымбетова өзіне қиянат жасағандарға деген ызасы мен ішкі арпалысын былайша баяндап берді:
«Сіздер менің ар-намысымды аяққа таптаттыңыздар! Өмір бойы қашып жүрдім, өз өмірімді тас-талқан еткен сол сойқандарға тізе бүгіп қойғанымды сезініп, тығырықтан жол таппай әлек болдым. Шын екен, «Өзіңнен қашып құтыла алмайсың!» Қыздар, егер жандарыңызды жегідей жеген дерт болса, оны жасырмай, бетпердесін сыпырып, әшкерелеу керек! Тек сонда ғана көңіл көншіп, жан тыныштық табады. Менікі де – сол. Сол бәлелерді темір торға қаматпайынша бір сәт те тынышталмаймын…», – деді ол.
Сонымен қатар ол басынан осындай ауыр жағдайды өткерген өзге де қыз-келіншектерді қорқынышты жеңіп, қылмыскерлерді жауапқа тартудан тайсалмауға шақырды.