Маңғыстау теміржол вокзалында Маңғыстау – Орал бағытындағы №613 пойызға отыруға келген ер адамның кенеттен денсаулығы сыр беріп, көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 3 қыркүйек күні орын алған. «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұсынған мәліметке сүйенсек, ер адам вагонның қасында өзін кенеттен жайсыз сезінген. Пойыз бригадасының қызметкерлері жылдам жедел жәрдем шақырып, станция кезекшісі мен полиция өкілдеріне хабар берген.
Алайда вокзалға жеткен медицина мамандары жолаушының көз жұмғанын тіркеуге мәжбүр болды. Азаматтың кенеттен қайтыс болуына байланысты пойыздың кестеден кешігіп жөнелтілуіне тура келген. Оқиға орнында құқық қорғау органдарының мамандары жұмыс жүргізді.
Көліктегі полиция департаменті аталған факті бойынша Маңғыстау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді. Алдын ала болжам бойынша, жолаушының өліміне өкпе артериясының тромбоэмболиясы себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалып, істің мән-жайы анықталуда.