Ливияның бұрынғы диктаторы Муаммар Каддафидің екінші ұлы, 53 жастағы Сейф аль-Ислам Каддафи өз үйінде қастандықпен өлтірілді. Бұл ақпаратты саясаткердің жақын ортасы мен адвокаты Марсель Чеккальди ресми түрде растап отыр, деп жазады Alash.kz.
Оқиға Триполиден 160 шақырым жердегі Эз-Зинтан қаласында орын алды. Қарулы төрт адам саясаткердің үйіне басып кіріп, алдымен бейнебақылау камераларын өшірген, содан кейін бақта жүрген Каддафиге оқ жаудырған. Қастандық салдарынан ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмды. Адвокаттың мәлімдеуінше, осыдан он күн бұрын саясаткердің қауіпсіздігіне қатысты күдікті ақпараттар түскен. Қазірше бұл қылмыстың артында кім тұрғаны және шабуылдың нақты мотиві белгісіз қалып отыр.
Сейф аль-Ислам Каддафи әкесінің билігі тұсында Ливияның ең ықпалды тұлғаларының бірі саналды. Ол Батыста білім алып, ағылшын тілін еркін меңгергендіктен, ұзақ уақыт бойы елді демократияландыруға үміт сыйлаған реформатор ретінде қабылданды. Сонымен қатар, ол Ливияның сыртқы саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, халықаралық деңгейдегі күрделі дипломатиялық келіссөздерде делдал болған еді.
Алайда 2011 жылғы төңкеріс кезінде оның имиджі түбегейлі өзгерді. Халық наразылығын аяусыз басып-жаншуға қатысқаны үшін Халықаралық қылмыстық сот оны адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптап, тұтқындауға ордер шығарған. Осыған қарамастан, ол 2021 жылы президенттік сайлауға қатысуға әрекеттеніп, саяси сахнаға қайта оралуға ниеттенген болатын.