Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында 18 жастағы бауырын өлтіріп, кейін оны сегіз күн бойы туыстарымен бірге іздеген ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 19 мамырға қараған түні дастархан басында болған. 26 жастағы ер адам туысымен жанжалдасып қалып, 18 жастағы туысына ас үй пышағымен кемінде 15 рет соққы жасап, ұрып-соққан. Жас жігіт алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қылмысын жасырмақ болған ол мәйітті үйдің артындағы қоқыс шұңқырына көміп, кейін өзі ұйықтап қалған.
Одан кейінгі сегіз күн бойы күдікті туыстарымен бірге жоғалған жігітті іздеуге белсене қатысқан. Тіпті әлеуметтік желілерде оның жоғалғаны туралы жазбалар жариялап, мәйіттің қайда жатқанынан хабарсыз отбасы мүшелерінің жанында ештеңе болмағандай жүрген. Қанды қылмыстың беті куәгерлердің берген көрсетулері арқылы ашылды.
Сот шешімімен ер адам адам өлтіру бабы бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға орташа қауіпсіздік мекемесіне бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оны алкоголизм мен нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы үкім кесті.