Путин Украина НАТО-ға ешқашан мүше болмайды деген жазбаша уәде талап етіп отыр, деп хабарлайды ALASH.KZ.
«Путин бейбіт келісімге келуге дайын, бірақ маңызды шартпен», — деп хабарлады басылымның бір дереккөзі.
Reuters агенттігінің мәліметінше, үш ресейлік дереккөз Владимир Путиннің Батыстың ірі державаларынан НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпеу туралы, яғни Украина, Грузия және Молдованы альянсқа қабылдамау жөнінде жазбаша уәде алғысы келетінін айтты.
Сонымен қатар, Ресей Украина бейтарап ел болып қалуын және Батыс енгізген кейбір санкциялар алынып тасталуын талап етеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп, бұған дейін бірнеше рет Украинадағы соғысты тоқтатқысы келетінін мәлімдегенімен, соңғы күндері Путинге деген ренішін ашық білдіре бастады.
Сейсенбі күні ол Ресей президентін «отпен ойнап отыр» деп айыптады.
Өткен демалыс күндері Ресей Украинаға жаппай соққы жасады. Биыл мамырда Стамбулда басталған Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің екінші кезеңінің уақыты мен орны әлі белгісіз.