Жамбыл облысында 30 жастағы Салтанат Нышанбай босанғаннан кейін қайтыс болды. Қайғылы оқиға облыстық перинаталдық орталықта тіркеліп, ресми ақпаратқа сәйкес, өлім себебі – шығу тегі белгісіз сепсис деп көрсетілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм кесарь тілігі арқылы ұл бала дүниеге әкелген. Сәби шала туған, ал анасының жағдайы ауыр болғандықтан дәрігерлер нәрестені үш апта бойы бақылауда ұстаған.
Жолдасының айтуынша, ол жұбайын да, баласын да бірге алып шығамын деп үміттенген, алайда жас ана көз жұмып, енді жаңа туған сәбиін жалғыз тәрбиелеуге мәжбүр.
Туыстарының сөзінше, инфекция кеш анықталған. Олар дәрігерлердің әрекетіне күмән келтіріп, жатырды ота арқылы алып тастау туралы шешім отбасының келісімінсіз қабылданғанын алға тартты. Сонымен қатар, медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген.
Отбасы мәселенің поликлиника кезеңінен басталғанын мәлімдеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеміне байланысты әйел уақытында есепке алынбағанын жеткізді. Жүктілік кезінде оның жағдайы нашарлап, есінен танып қалған сәттер болған. Кейін жедел жәрдеммен перинаталдық орталыққа жеткізілген.
Перинаталдық орталық ана өлімі фактісін растап, қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.