Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, тарихи нысанмен танысты. Сапар аясында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған киелі мекенге османлы дәуірінің әйгілі хатшысы Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құран Кәрімнің бағалы қолжазбасын табыстады, деп жазады Alash.kz.
Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері кесенеге зиярат етіп, түркі әлемінің ортақ мұрасына құрмет көрсетті. Түркітілдес мемлекеттердің лидерлері тарихи жәдігерлерді тамашалап, өңірдің мәдени әлеуетін жоғары бағалады.
Сыйға тартылған жәдігер өнер туындысы ретінде де, діни мұра ретінде де құнды белгі саналады. Бұл сыйлық Түркістанның түркі дүниесіндегі рухани астана мәртебесін айшықтай түсті. Мемлекет басшыларының мұндай ортақ шараларға қатысуы елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символына айналды.