Өскеменде 27 жастағы жігіт үш туысын балталап өлтіріп, өз ізін суыту үшін үйді өртеп кетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Alash.kz порталы.
Сорақы жағдай хақында "Криминалды Қазақстан" Telegram-арнасының жазуды. Ақпаратқа сәйкес, жантүршігерлік қылмыс 30 қаңтар күні болған.
Өскемен қаласындағы жеке тұрғын үйде өрт шығып, оны сөндірілгеннен кейін жертөледен үш адамның жартылай күйген денелері табылды. Қаза болғандар – 76 жастағы үй иесі, оның 69 жастағы азаматтық жұбайы және олардың 51 жастағы туысы. Сараптама нәтижесі бойынша марқұмдардың басы шабылып, балталанғаны анықталған.
Полиция қызметкерлері оқиғаның алкогольдік ішімдік ішу кезіндегі жанжал салдарынан болғанын анықтады. 27 жастағы күдікті ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол қылмыстың іздерін жасыру мақсатында жәбірленушілердің денесін жертөлеге түсіріп, үйді өртеп жіберген. Күдіктінің марқұмдардың туысы екені белгілі болды.
"Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Полиция қылмыстың барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты және объективті зерттеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде. Тергеу барысы ШҚО ПД басшылығының жеке бақылауына алынды," – делінген полиция мәліметінде.