Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа беделді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын салтанатты түрде табыс етті, деп жазады Alash.kz.
Марапаттау рәсімінде спортшының отандық футболды дамытуға қосқан үлесі мен жас буынды салауатты өмір салтына ынталандырудағы белсенділігі ерекше аталды. Министр бұл марапаттың тек жеке жетістік емес, ел болашағы үшін жасалған еңбектің өтеуі екеніне тоқталды.
Салтанатты шара барысында ведомство басшысы спорттың қоғамдағы рөлі мен жастар тәрбиесіндегі маңызына назар аударды. Ол кәсіби футболшының жетістіктері өскелең ұрпақ үшін нағыз мотивация көзі екенін баса айтты. Сондай-ақ спорттағы биік белестер мемлекеттің халықаралық деңгейдегі абыройын асқақтататын маңызды фактор екенін жеткізді.
Аида Балаева футболшыны құттықтау сөзінде былай деді:
«Сіз бүгін жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрсіз. Балаларды спортқа, футболға баулып, салауатты өмір салтын насихаттауда еңбегіңіз зор. Президентіміз айтқандай, кез келген еңбек қадірлі әрі ел игілігіне қызмет етеді. Спорт – салауатты өмірдің негізі, ол адамды биік белестерге жетелеп, ел абыройын асқақтатады. Жетістіктеріңіз жастарға үлгі болып, бұл марапат сізді жаңа белестерге жетелей берсін».