Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Орны бөлек... Тауыңды қопарып тастайтын ағалар...»: Төреғали Төреәлі Үкімет басшысының орынбасарын құттықтады (ФОТО)

09:43, 20 қазан 2026

Танымал әнші Төреғали Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевпен арадағы кездесуі туралы әсерлі жазба жариялап, туған күндерінің арасы бір-ақ күн екенін алға тартты, деп хабарлайды Alash.kz.

Отандық эстрада жұлдызы Сыр өңірінің топырағынан түлеген ағасымен жүздесуі жай ғана амандық-саулықпен шектелмей, терең сырласуға ұласқанын ерекше атап өтті. Нұрлыбек Нәлібаевтың 13 қазанда, ал өзінің 14 қазанда туған күні екенін еске алған өнер иесі бұл кездесуден көңіліне жылылық пен ертеңге деген жақсы ниет түйіп қайтқанын білдірді.

Әнші өз жазбасында ел ағасымен болған терең диалогты, өнерге деген құрмет пен жылы лебізін төмендегідей толық төл сөзі арқылы жеткізді:

«Жанашыр ағалар болады… 13 қазан Нұрлыбек Машбекұлы ағамның туған күні. 14 қазан менің туған күнім. Бір күннің аралығында туған, Сырдың топырағынан түлеген бізді тағдырдың осылай тоғыстырғанына да бір сәт ой жүгіртесің. Уақыт деген кейде адамдардың арасын алыстатқанымен, көңілдегі сыйластықтың бағасын ұғындыратын сияқты. Міне, бүгін қайта қауыштық. Бұл кездесудің мен үшін орны бөлек. Жай ғана амандық сұрасып, өткенді еске алумен шектелмедік. Сырластық, ой бөлісу, мүдде тоғыстыру, алдағы күндер туралы әңгіме өрбіді. Кейде бір адамның жанында отырып-ақ, талай жылдан бері айтылмай жүрген ойларыңды ақтарғың келеді. Өйткені кейбір адамдармен әңгіменің өзі бөлек, үндестіктің өзі бөлек.

Нұрлыбек аға жалпы өнердің, өнерпаздардың жанашыры. Айтысқа деген құрметі ерекше. Ақындарымызды да қолдап келе жатыр. Осындай қайта табысудың қадірін уақыт өте келе тереңірек түсінеді екенсің. Өмірде кіммен қанша жыл араласқаныңнан бұрын, қайта кездескенде қандай күйде қалатының маңызды шығар. Ал бүгінгі жүздесуден көңілге жылылық, ойға жаңа бағыт, ертеңге деген жақсы ниет түйіп қайттым. Бәлкім, кейбір кездесулер дәл өз уақытында болады. Бұрынғы әңгімені жалғап қана қоймай, жаңа бір парақтың ашылуына себеп болады.

Нұрлыбек аға, туған күніңіз құтты болсын! Жасыңызға жас қосылып, ғұмырыңыз ұзақ, берекелі болсын. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, елге пайдалы істердің басынан табыла беріңіз! “Біз жақта тау жоқ, бірақ тауыңды қопарып тастайтын ағалар бар…», – деп жазды Төреғали Төреәлі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар