Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында немересіне қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп жазды Alash.kz ұлттық порталы.
Продюсердің айтуынша, немересі Алауға бағытталған кейбір жағымсыз пікірлер оның жүрегіне ауыр тиген. Ол жазбасында балалардың тегіне немесе ата-анасына қарап кемсіту дұрыс емес екенін атап өтті.
«Алау қызымның жүрегіне кейбіреулердің мұқатуы шындығында қатты батты, пәленшенің немересі, түгеншенің қызы деп тиісу де аз болған жоқ. Қандай перзентіміз болса да ішкі дүниесі адалынан болсын. Небір сырт көзге сыпайы, керек десеңіз орамалмен де көріп жатырмыз, беті жылтыр іші қылтыр. Бастысы екі жүзділік болмасын ұрпағымызда. Бізде ең ауыры, біреу алға шықса аяқтан тарту өте көп, өсек бітпейді. Бұйыртса Алау қызым алаулаған жалынды, қайсар қыз болып, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы болуын Алла қабыл етсін!", – деп жазды Айдарбекова.
Сондай-ақ ол немересінің қайсар, намысты болып өсіп, ел мақтанышына айналуына тілектестік білдірді.
Желі қолданушылары продюсердің жазбасына түрлі пікір қалдырып, қызу талқылау туғызды.