Петропавл қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жоғары сынып оқушысының үшінші қабаттан құлап кету дерегі тіркелді, деп жазады Alash.kz.
Оқиға 17 ақпан күні сабақ кезеңінен тыс уақытта орын алған. Зардап шеккен 2008 жылы туған жасөспірім шұғыл түрде қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Медициналық мекеменің мәліметінше, науқас қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағалануда, жасөспірім есін біледі. Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүргізілген тексерулердің нәтижесінде оқушыға екінші бел омыртқасының үшінші дәрежелі жабық компрессиялық сынуы және екі өкше сүйегінің ығысусыз жабық сынуы диагноздарын қойды.
Білім беру мекемесінің әкімшілігі аталған жағдайды ресми түрде растады. Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның не себепті болғанын және оған әсер еткен жағдайларды анықтау мақсатында тиісті тексеру шараларын жүзеге асыруда.