Маңғыстау облысында отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз көз жұмды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлауынша, 17 ақпанда Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қарумен жұмыс істеу барысында өмірге сәйкес келмейтін оқ жарақатын алған.
Аталған факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады.
Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, оқиға орнында Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаментінің басшылары болды.
«Қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізілуде, сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процессуалдық прокурор бекітілді. Тергеудің барысы Бас прокуратура бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің қосымша деректері жарияланбайды», – деп хабарлады ведомство.