Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оңтүстік Жезқазған кенішінің ұжымы «Қазақмыс» бастамаларын қолдады

18:33, 11 маусым 2026

«Қазақмыс» бастамалары Оңтүстік Жезқазған кеніші ұжымының қолдауына ие болды, деп хабарлайды Alash.kz 

Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының Оңтүстік Жезқазған кенішінде кәсіпорын қызметкерлері көтерген мәселелер бойынша ашық кездесу өтті. Кездесуге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қатысып, еңбек ұжымымен тікелей пікір алмасты.

Кездесу барысында қызметкерлер өндірістік қауіпсіздік, еңбек жағдайлары, техника мен жабдықтардың жай-күйі, әлеуметтік мәселелер және кәсіпорынның болашақ дамуына қатысты өз ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізді.

Руслан Өскенәлі ұжым көтерген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтіп, олардың бір бөлігі бойынша нақты шешімдер қабылданғанын мәлімдеді. Сонымен қатар компанияда өндірістік активтерді жаңғырту, жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту, еңбек қауіпсіздігін күшейту және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

Кездесу барысында «Қазақмыс» жүзеге асырып жатқан және алдағы кезеңге жоспарланған бірқатар жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, минералдық-шикізат базасын кеңейту, геологиялық барлау жұмыстарын ұлғайту, экологиялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері сөз болды.

Компания мәліметінше, соңғы жылдары Жезқазған кен орны бойынша геологиялық барлауға бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артқан. Сонымен қатар өңірлерді дамытуға бағытталған әлеуметтік жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Кездесу қорытындысы бойынша еңбек ұжымы өндірісті жаңғыртуға, қауіпсіздікті арттыруға және қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді. Тараптар алдағы уақытта да ашық диалогты жалғастырып, кәсіпорынның тұрақты дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Жезқазған кеніші штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік үдерістер бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар