Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздік: «Қазақмыс» кәсіпорындарына жаңа цифрлық құралдар енгізуде

13:40, 26 маусым 2026

«Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарындағы өндірістік тиімділікті арттыру мен қауіпсіздікті нығайту мақсатында цифрлық трансформациялау бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда, деп хабарлайды Alash.kz.

Компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бағыты бойынша цифрлық құралдарды енгізуге 3,3 миллиард теңге, ал геотехникалық жұмыстарды сүйемелдеу мен үш өлшемді геомеханикалық модель жасауға 800 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Қазіргі уақытта кен орындарында қолданылып жатқан блоктық және қаңқалық модельдерді келесі кезеңде литологиялық, құрылымдық және геомеханикалық деректерді біріктіретін кешенді 3D үлгілермен алмастыру жоспарланған. Бұл тау-кен жағдайын болжау дәлдігін арттырып, өндірістік тәуекелдерді азайтуға септігін тигізеді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында негізгі желдеткіш қондырғыларды автоматтандыру және аэрогаздық бақылау жүйесін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр, атап айтқанда, «Жомарт» кенішінде қосымша стационарлық датчиктер орнатылуда. Сонымен қатар, жұмысшылар мен техниканың соқтығысуын болдырмайтын L9 деңгейлі жүйелер, сейсмикалық мониторинг және апаттардың алдын алуға арналған өзге де технологиялар сынақтан өтуде. Цифрлық жаңарудың негізгі элементі ретінде «Jezqazgan Tau-ken Ondirisi» ЖШС-нің Бірыңғай диспетчерлік қызметі үшін арнайы бағдарламалық платформа әзірленуде, ол өндірістік үдеріс пен техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тау-кен техникасының борттық компьютерлерінен алынатын деректер негізінде жанармай шығыны мен жабдықтардың жағдайын бақылайтын бірыңғай өндірістік платформа құрылып жатыр. Кәсіпорындарға автоматтандырылған медициналық тексеру мен рұқсат беру жүйелері енгізіліп, жұмысшылардың қауіпсіздігі күшейтілуде. Позициялау технологиясының көмегімен электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тапсырма беру, жұмыс орнының дайындығын бағалау және жабдықтарды қабылдау-тапсыру үдерістері цифрландырылып, кеніштің цифрлық картасына енгізілуде. Бұған қоса, жұмыскерлерге арналған негізгі корпоративтік қызметтер біріктірілген «SEN» мобильді қосымшасы дамытылып келеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар